Мәслихаттың тұрақты комиссияларын ұйымдастыру және олардың қызметi
- Мәслихат өз өкiлеттiгi мерзiмiне тұрақты комиссиялар құрады. Олардың саны жетеуден аспауға тиiс. Қажет болған жағдайда, мәслихат тұрақты комиссияларды жаңадан құрып, таратып және қайта ұйымдастыра алады.
- Тұрақты комиссиялардың тiзбесi мен сан құрамын мәслихат белгiлейдi. Тұрақты комиссиялардың төрағалары мен мүшелерiн өз депутаттары арасынан тиiстi мәслихат сайлайды.
- Тұрақты комиссиялар өздерiн сайлаған мәслихат алдында жауапты және жылына кемiнде бiр рет өз қызметi туралы есеп бередi.
Мәслихаттың тұрақты комиссияларындағы көпшiлiктiк тыңдаулар
- Тұрақты комиссиялар өз бастамасы бойынша немесе мәслихат шешiмi бойынша көпшiлiктiк тыңдаулар өткiзе алады.
- Көпшiлiктiк тыңдаулар депутаттардың, атқарушы органдар, өзiн-өзi басқару органдары, ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiнiң, азаматтардың қатысуымен осы комиссиялардың кеңейтiлген отырыстары түрiнде тұрақты комиссияның қарауына жататын мейлiнше маңызды және қоғамдық мәнi бар мәселелердi талқылау мақсатында өткiзiледi.
- Тұрақты комитеттерде көпшiлiктiк тыңдаулар өткізу тәртiбi мәслихат регламентiнде белгiленедi.
Мәслихат тұрақты комиссияларының қызметi мен өкiлеттiгi
- Тұрақты комиссиялар:
1) аталған мәслихат сессиясының күн тәртiбi бойынша, сондай-ақ мәслихат сессиясында қаралатын кез келген мәселе бойынша мәслихатқа, мәслихат сессиясының төрағасына, мәслихат хатшысына ұсыныс енгiзуге;
2) өздерiнiң құзырына жататын әрi мәслихат сессиясының қарауына енгiзiлген мәселелер бойынша қорытындылар беруге;
3) өздерiнiң құзырына жататын мәселелер бойынша мәслихат сессияларында баяндамалар мен қосымша баяндамалар ұсынуға;
4) өз құзыретi шегiнде сессияда жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының есептерiн тыңдау туралы мәслихатқа ұсыныс енгiзуге;
5) комиссияның жұмысына мәслихаттың басқа да депутаттарын, сондай-ақ мемлекеттiк органдар, ұйымдар, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары өкiлдерiн және азаматтарды тартуға құқылы.
- Әкiмдік, орталық мемлекеттік органдардың жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аумақтық бөлімшелерінің, атқарушы органдардың лауазымды адамдары, ұйымдар белгiленген тәртiпте тұрақты комиссияларға олардың құзыретiндегi мәселелер бойынша қажеттi ақпарат беруге мiндеттi.
- Мәслихаттың тұрақты комиссиялары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша қаулылар қабылдайды
Мәслихаттың тұрақты комиссиялары жұмысының және қаулылар қабылдауының тәртiбi
- Тұрақты комиссиялардың отырысы қажеттiлiгiне қарай шақырылады және егер отырысқа олардың құрамына кiретiн депутаттар санының жартысынан астамы қатысса, заңды болып есептеледi.
- Тұрақты комиссиялардың қаулысы комиссия мүшелерi жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады.
Комиссияның отырысында дауыс беру кезiнде депутаттардың дауысы тең бөлiнген жағдайда, тұрақты комитеттiң төрағасы шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
- Тұрақты комиссияның қаулысы мен отырыстың хаттамасына оның төрағасы қол қояды, ал бiрнеше тұрақты комиссияның бiрлескен отырысы өткiзiлген жағдайда, тиiстi комиссиялардың төрағалары қол қояды.
Мәслихаттың уақытша комиссиялары
- Мәслихаттың құзырына жатқызылған мәселелердi сессияларда қарауға әзiрлеу мақсатында мәслихат не мәслихат хатшысы уақытша комиссиялар құруға құқылы. Уақытша комиссиялардың құрамын, мiндеттерiн, өкiлеттiк мерзiмдерiн және құқықтарын мәслихат оларды құру кезiнде белгiлейдi.
- Мәслихаттың уақытша комиссиялары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша қорытындылар қабылдайды.
- Уақытша комиссия жұмысына қатысқаны үшiн ақы төленбейдi.