2018 жылы

жастарЖАСТАР ҚОҒАМЫМЫЗДЫҢ ИДЕАЛЫНА АЙНАЛУЫ КЕРЕК

Жолдауда айтылғандай тарихи құжатта адами капиталдың сапасын жақсарту бағытында білім беру жүйесінің рөлінің өзгеруі тиістігін, сонымен қатар ұлттық тіліміздің басымдылығын сақтауда аянбай еңбек етеміз. Ағылшын тілін меңгермей еліміздің жалпы ұлттық прогреске жете алмайтынын, үкіметке үш тілді оқуға кезең-кезеңімен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар тапсырды.

Мемлекет басшысының білім беруде экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыруы қажет екенін, алдымызда оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттап айтқаны құба- құп. Сондай-ақ, жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласы мен кәсіптік білім беру саласына аса зор көңіл бөлуді де атап айтты.

Елбасымыз Н. Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-мағынасына орай өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналатын білім алушыларды даярлауды міндеттеп отыр.

Президентіміздің жыл сайынғы Жолдауы ең алдымен біздің мемлекеттің қарыштап дамуының бағдарын айқындаса, екіншіден, межеленген міндеттерді саралауға, ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді». Біз жыл сайынғы үмітпен күтуге дағдыландық. Жаңа мақсаттар мен міндеттердің, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Жолдау халықтың болашаққа деген сенімін нығайтары сөзсіз.

Автор: С. ТАРАСОВ


2017 жылы 24 қараша

А.Исаев

ЖІГЕРІ ЖАСЫМАҒАН  ҚАЙСАР ЖАН

Ішкі жан дүниесі бай, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты, құндылықтарды бойына сіңірген, заман талабына, уақыт ағымына сай өмір сүре алған, қоғамның кез-келген жағдайында белсенділік танытқан, кісілік пен кішіліктің ара салмағын тең ұстай білген, өзіндік көзқарасы мен пікіріне адал атпал азаматтың бірі әрі бірегейі – ӘМЗЕ ӘЛДИБЕКҰЛЫ ИСАЕВ.

ҰРПАҚ  ЖАЛҒАСТЫҒЫ

Қашанғы әдеті бойынша бүгін де ерте оянып, далаға шықты. Таңғы тап-таза саф ауаны еркін жұтып, ризалық кейіппен айналаға қарады. Күннің жаңа шығып келе жатқанын қуана хабарлауға асыққан оның алтын арайы төңірекке нұрын шашып, жер бетін жайнатып жіберді. Ағаш жапырақтары арасынан саумалдана төгілген күн нұры жерге жақұт болып шашылғандай. Қанша дегенмен күз емес пе, түнде тұрған шөптегі шық күн сәулесімен шағылысып жылт-жылт етеді. Құдды біреу әдейілеп күміс шашып жібергендей. Күз айының осынау бір таңғы суретіне сүйсіне қарап тұрған оның ойын қорадағы жылқының кісінеген дауысы бөліп жіберді. Иесінің далаға шыққанын сезген сірә. Ол адымдай басып, қораның есігін ашып, күндегі шаруасына кірісті. Қолына жүген ұстар жасқа жеткелі бері үйреншікті әдеті ерте тұрып, малға жем-шөп беріп, оның күтіміне байланысты шаруаларды реттеу. Сырттағы үй тірлігін реттеп болғаннан кейін ғана, оразасын ашып, жұмысына аттанады

Ұзын бойлы, қапсағай денелі, ат жақты, қыр мұрынды, бидай өңді жігіт ағасы ширақ қимылдап, көлігіне мініп, ауданды бетке алды. Бүгінгі атқарар жұмысын ой елегінен өткізіп алды. Жұмысына уақытынан ерте келсе біраз істің басын қайырып үлгереді екен. Неге екені белгісіз, марқұм әкесінің «Ерте тұрған еркектің бір ісі артық» деген мақалды күніне бірнеше рет қайталап айтатыны есіне түсті. Әкесі есіне түскен сайын балдәурен, балалық шағы көз алдына келеді…

Чапай ауылында сарша тамыз сарыала күзде дүниеге келген Әмзе Әлдибекұлы алдында екі ағасы тұрса да кішкентай кезінен отбасындағы балалардан ерекшеленіп тұратын. Тек үйде ғана емес, ауылда да аты шулы болды. Қай жерде ойын, қай жерде төбелес болса ол суырылып алда жүретін. Сонда да өзі қатарлас жолдастары оны сыйлап, алдынан кесе көлденең өтпейтін. Басқа біреулер, көрші-қолаң оның тентектігіне шағым жасап жатса әжесі Мейізбала «Менің балам жай тентек емес, ақылды тентек, көрерсіңдер әлі ол Иса атасы сияқты болыс болады» деп отырушы еді. Елдің, халықтың қамын ойлап, уақытының көбін әйел болса да ат үстінде өткізетін, сөйтіп жүріп, ауылдастарын тәрбилеген Мейізбала әжесі сөзге шебер, бабалар өсиетіне адал, арғы-бергі тарихты жақсы білетін еді. Арғы аталары Алтай бидің Хангелді деген ұрпағынан тараған Иса Сарытауқұм болысында болыс болып, ел-жұртты аузына қаратқан ақылды кісі болған екен. Оның баласы Әлдибек те діни мектепте бес жыл оқып, 22 жасында Чапай ауылындағы Ворошилов ауылдық кеңесінің алғашқы төрағасы болған, колхоз басқарған. Уақыт алға жылжып, заман өзгеріп, діни білімнің қажеті болмай қалған кезде орнын босатып беріп, совхозда жұмысшы болып еңбек еткен. Анасы да бейнетқор, еңбекқор адам болды. Кезінде алаштың арысы Сәкен Сейфуллинмен қоян-қолтық араласып бірге жүріп, 1937 жылы жазықсыз атылып кеткен бауыры Сұңғатов Әлжанды аузынан тастамайтын анасы Бәдіғұл отбасының ұйытқысы болуымен бірге совхоздың жұмысынан да қалмайтын. Үшінші ұлы Әмзе дүниеге келген сиыр жылы аста-төк молшылық жыл болды. Сонда Бәдіғұл апа бесікке баласын құндақтап қойып, 5 қырманға тамақ апарып тарататын. Ол кезде дайын тұрған көлік те жоқ. Арба табылса соған қуанасың. Жоқ болса жаяу-жалпылап кете бересің. Осындай еңбекқор отбасында тәрбиеленген Әмзе 8 сыныпты бітірген соң ата-анасының бір жағына шығысайын деген оймен Алматы қант зауытына жұмысшы болып орналасты. Одан Кеңес Армиясы қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтты. 1971 жылы әскерден келісімен жүзім совхозына жұмысшы болып кірді. Келген бойда әкесі «Балам басыңды құра», – деп ақыл айта бастады. Баласының «Бірер жыл жұмыс істейін, содан кейін оқу оқысам» дегеніне қараған жоқ. «Оқуға асықпа, балам, үлгересің. Дүние кезегімен, асықпасаң бәрі біртіндеп өзі келеді Алдымен мені риза етіп, батамды алғын», – деп той қамына кірісті. Сұңғыла әкесі талқанының тым ерте таусыларын білген болуы керек сірә, сүйікті ұлын аяқтандырған соң бар болғаны екі айдан кейін 57 жасында көз жұмды. Бүгінде Н. Тілендиев ауылында артында өшпес із қалдырған Әлдибек Исаевтың атындағы көше бар екендігін ұрпақтары мақтан тұтады. Әкесі 22 жасында ауылдық кеңеске қарасты дүйім жұртты басқарса, Әмзе дәл осы жаста үлкен бір әулеттің жол бастар басшысы болды. Алдындағы ағалары жас болса да, әулеттің билігін оған тапсырып, отбасының тірлігіне байланысты кез-келген істі інілерімен ақылдасып, одан кесімді жауабын күтетін. Кешегі күннің бүгінгіге жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы деген осы шығыр.

 

ТӨМЕННЕН ЖОҒАРЫҒА ҚАРАЙ

НЕМЕСЕ БАСПАЛДАҚТАР

Ендігі жерде Исаевтар отбасының алдағы өмірінің, тағдырының тек өзіне байланысты екендігін жақсы түсінген Әмзе Әлдибекұлы жұмыс істей жүріп жоғары білім алуды алдына мақсат етіп қойды. Талғар қаласындағы ауылшаруашылығы техникумын, одан соң Қазақтың ауыл шаруашылығы институтын сырттай оқып бітіріп, жеміс- жидек және жүзім шаруашылығының маманы болып шықты. Еңбектен қол үзбей оқып жүріп, қызмет баспалдақтарымен біртіндеп жоғары көтеріле білді. Техникумда оқып жүрген жұмысшы Әмзе Исаевты жүзім совхозының сол кездегі директоры, Социалистік Еңбек Ері, кезінде Ұлы Дінмұхамед Қонаев «Дала комиссары» деп атап кеткен атақты Мұхамеджан Түймебаев кеңсесіне шақыртты. Бөлмесіне кірген бойы жалынды көзі от шашқан ұзын бойлы жас жігітке сынай қарап:

– Осы сен, егіс бригадасына бригадир болсаң қайтеді, сырттай оқып жүр екенсің, – деді.

– Аға, сеніміңізге рахмет. Бірақ, бригадирлік қолымнан келмейді. Мені одан да көмекшілікке жіберсеңіз дұрыс болар еді, – деп күмілжи жауап қатты.

Сынау үшін әдейі осындай ұсыныс жасаған болуы керек, сұңғыла басшы күліп жіберді.

– Жарайды онда, Сембаев Жәкішке бүгіннен бастап көмекші болып бар. Әр істі төменнен бастаған жөн, – деді.

Екі жыл бригадирдің көмекшісі болған жалындаған жас жігіт қарамағындағы адамдармен жұмыс істеудің, еңбек қарқынын арттыру мақсатында істі дұрыс ұйымдастыра білудің қыр-сырын үйреніп, ұжым, басшылары алдындағы жауапкершіліктің не екенін білді. Өз ісіне адал болып, ешкіммен есептеспей уақытының көбін егіс басында өткізетін еңбекқор жігіттің бойындағы ұйымдастырушылық қабілетті байқаған совхоз басшылығы оны бригадир етіп тағайындады. Тәжірибесін байытсын, жүзім өсірудің жаңа технологиясын тереңінен білсін деген мақсатпен Молдавияға оқуға жіберді. Әмзе Исаев та басшылардың сенімінен шығуға бар күшін салды. Ол басқаратын бригада қатарынан бірнеше жыл жүзім жинау жөніндегі жоспарларын артығымен орындап, табысты еселей түсті. Атқарған ісіне адалдық танытып, ортақ іске мүдделік, іскерлік пен біліктілік көрсете білген, ең бастысы тек өз қамы ғана емес, басқалардың жағдайына көбірек көңіл бөлетін Исаевқа бөлімше басқарушылығы, одан совхоздың бас гидротехнигі, партия комитетінің хатшылығы, директордың жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары қызметтері сеніп тапсырылды. Ал, 1993 жылы Ащыбұлақ селолық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Кейін коммунистік партияның тарауына байланысты ауылдық кеңес ауылдық әкімшілік, кейіннен ауылдық округ болып өзгертілді. Осындай құрылымдық өзгертулердің басы-қасында болып, небір қиын-қыстау күндерде халыққа демеу болып, олардың жаңа заманға деген көзқарастарын қалыптастыруда, бұрын «үкімет өлтірмейді», – деп алақан жайып үйреніп қалған адамдарды уақыт талабына қарай бейімдеуде Әмзе Әлдибекұлы үлкен істерді атқара білді. Сол еңбегінің арқасы шығар 1996 жылы Іле аудандық әкімінің орынбасарлығы қызметіне жоғарылатылды. Екі жылдан соң аудандағы ең үлкен округ Боралдай кентіне әкім болып тағайындалды. Өйткені, сол жылдары Боралдайдағы жылу беру, ауыз су, қираған ғимараттарды қалпына келтіру сияқты күрделі мәселелерді шешу үшін Әмзе Әлдибекұлы сияқты кесімді сөз айтып, өтімді шешім қабылдайтын, халықты соңына ерте алатын батыл да ұстамды басшы, білікті де білімді ұйымдастырушы қажет болды. Одан кейін өзінің балалық шақ, балдәуренін өткізген, оқып-білім алған ауылы – Ащыбұлақ селолық округінің әкімі болды. 2009 жылы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Іле аудандық филиалы төрағасының орынбасары қызметіне көтерілді. Осынау лауазымды қызметтің қай-қайсысында болмасын ол ең алдымен халыққа жақын болуға тырысты. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағиданы жүрегіне бойтұмардай сақтап, қарапайым ауыл тұрғындарының көңілінен шыға білді. Қажет кезінде халыққа басын иіп, кішірейсе, кейде қаталдық танытты. Халықпен жұмыс істеуде ол өзінің мектептегі алғашқы мұғалімдері Ұлы Отан соғысының мүгедегі Қасымбек Беркиндиевтен, Рабиға Изенбаевадан, өмірлік ұстаздары Мұхамеджан Түймебаевтан, Заманбек Батталхановтан, Нүсіпбек Исахметовтан, Жәкіш Сембаевтан үйренген тағлымдарды, адамгершілік қасиеттерді басшылыққа алатын. Өйткені, бес саусақтың бірдей болмайтындығы сияқты адамдар да әр түрлі мінезді болып келеді. Олардың бәріне бірдей жақсы бола алмайсың. Біреуге жақсаң, мәселесі шешілмей қалса біреулер даттап шығады. Сондайда жақсы мен жаманның ара салмағын тең ұстап, сабырлылық, байсалдылық көрсету қажет. Өйткені, әрбір адамның артында тұтас бір отбасының тағдыры тұрады. Әсіресе қарттар мен балалардың, жалғызбасты жандардың, мүгедектер мен жетім-жесірлердің, көп балалы аналардың тағдырына немқұрайды қарауға болмайды. Елім, жерім, атақонысым деп келген оралмандар мәселесі де оның назарынан тыс қалмады. Қалай болғанда да ол өзін қызмет дәрежесіне сай ұстап, елдің мұң-мұқтажын, мақсат-мүддесін мансабынан биік қоя білді. «Нұр Отан» партиясы Іле аудандық филиалының Өтеген батыр кентіндегі екі қабатты әсем ғимаратының құрылысын салуды қолға алғанда Әмзе Әлдибекұлы ең алдымен халықтың жағдайын ойлады. Көшбасшысы ел Президенті Н.Назарбаев болып табылатын партияның ғимаратының атына затының сай болуын алдына мақсат етіп қоя білген ол үлкен тәуекелге бел буып құрылысты қолға алды. Ұлттық салт-дәстүрді қатты дәріптейтін Әз-аға құрылысты бастар кезде құдды өзінің үйін салып жатқандай қара қойды сойып, құдайы тамақ беріп, аудан ақсақалдарының батасын алып, асар салатынын жария етті. Яғни, партия үйінің құрылысын қазақта бұрыннан келе жатқан асар салу дәстүрімен бастады. Оның бұл бастамасын жерлестері қолдап, барынша көмектерін көрсетті. Осылайша ел болып ұйымдаса, жұрт болып жұмыла қолға алынған бұл істі Әз-ағаң аяғына дейін жеткізді. Арасында күндестіктің, көре алмаушылықтың салдарынан таяқ жеген күндері де болды. Бірақ, өмірі сағын сындырып көрмеген ардақты азамат бұл сынды да қайыспай көтерді. Біраз уақыт «Нұр Отанда» абыройлы қызмет атқарған соң өз қалауымен зейнетке шықты. Мұнда да ол қарап отыра алмады. Ауданның сол кездегі әкімі Бердәулет Ешенұлы Абдуллаевтың өтініші бойынша аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы болды. Қоғамдық негізде болса да істеймін деген адамға мұнда да жұмыс шаш-етектен еді. Ардагерлердің белсенділігін көтеру, оларды қоғамдық жұмыстарға көптеп тарту, әртүрлі игі шараларға қатыстыру сияқты істерді қолға алып, әр ауылдағы  ардагерлердің жағдайын жасауда тыным таппады. Бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде қазақтың әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрін жастар арасында дәріптеп, оларға имандылықтың, ибалықтың үлгісін көрсетуде. Жат ағымдарға түскен адамдармен сөйлесіп, ауыл ақсақалдарының қатысуымен діни экстремизмнің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Сондықтан да Іле аудандық ардагерлер ұйымы облыс бойынша ең алдыңғы қатардан саналады.

Іле ауданының «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің – 20 жылдығы, 25 жылдығы», «Қазақстан  мәслихаттарына 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл», «Қазақстан ардагерлер ұйымына – 30 жыл», «Отан патриоты», Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр Шапағаты» мерекелік медальдарының, ҚР Президентінің Алғыс хатының иегері. Іле ауданының құрметті азаматы Әмзе Әлдибекұлының өткен шағы мен бүгінгі биігін салыстырып қарасаң оның жүрген жолының салмақты болып, саралана түскенін көресің. Әмзе Исаевтың жүріп өткен өмір жолын, атқарған қызметін тұжырымдап айтсақ, орнықты мінезі, берік ұстанымы, парасат-пайымы, әділдігі, адалдығы оны биіктерге жетелеп, еңбектің өріне, құрметтің төріне көтергенін байқайсың. Өзінің айналасына ізгіліктің сәулесін сіңірген, тарихтың ғана емес, тағлымнан тәрбие алып, өмірдің өзінен фәлсапалық ой түйген айтулы азамат Әмзе Әлдибекұлы Исаев міне, осындай жан.

 

ОТБАСЫ – АЛТЫН ҚАЗЫҒЫ

Әдетте ер-азаматты түздің адамы дейтін болсақ, оның алаңсыз жұмыс істеуіне, елдің алдында абыройлы, жолдастары арасында жүзінің жарқын болуы оның жан-жарына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда Әмзе Әлдибекұлының өмірлік қосағы Майра Мырқасымованың ізеттілігін, мейірімділігін, туыстарға, жора-жолдастарға деген қайырымдылығын айтып өткен жөн. Әлдибек ақсақалдың батасын алған медицина қызметкері Майра жеңгей осы әулеттегі өнегелі, тәлімді келіндердің бірі. Өмірге Әнуар, Жеңіс атты екі ұлды, Айман атты алтындай қызды дүниеге әкеліп, оларға ұлттық дәстүрге сай тәрбие беріп, Исаевтар отбасының ырысын тасытып, берекесін арттырып отырған Майра апайды көптеген адамдар құрмет тұтады. Бүгінде осы жанұяның отанасы атанып отырған мейірімді жан Әлібек, Жеңіс, Кәмилә, Әлима атты немерелерін тәрбиелеп отыр. Қашан көрсең дастарханы жайылған, көпшіл, қонақшыл ерлі-зайыптылар өмірдің соққысын да көріп, ащысының да дәмін татты. Әттең, әттең, ойласаң өзегің өртенеді. Амал не, қолдан келер шара жоқ. Құдайға қарсы тұра алмайсың. Жас болса да жолдастарына бас бола білген, оларға өздерінің қадірін арттырған өрімдей жас Әнуар мен Жеңістің өмірлері ерте үзілді. Періште болып келіп, періште болып кетті. Жарық жұлдыздай жанып, ағып кетті. «Қазаны басқаның қайғысы бөлек» дегендей бөтен адамның сырттай жаны ашығанмен де, барлық ауыр салмақ сол отбасының өзіне түседі. Ерлі- зайыптылар екі баланы ойлап, қаншама ұйқысыз түндерді, күлкісіз күндерді бастарынан өткізді десеңші.

Оңашада көз жастарын бір сығып алып, әрі қарай тіршіліктерін жасайды. Құдай да, өзіне керек адамын қасына алып, сүйген құлына көтере алатындай сынақ береді екен. Бұл ретте отағасы Әмзе Әлдибекұлы қайраттылық, шыдамдылық танытып, жұбайы Майраға, қызы Айманға, сүйікті келіні Арайға демеу бола білді. Ұлындай болған күйеу баласы Ержігітке ақыл-кеңесін беріп қояды. Өмірдің қатал заңы – тірі адам тіршілігін жасау керек. Осылайша айрандай ұйыған тату-тәтті отбасы құдайдың жіберген зауалын қасқайып қарсы алды. Ынтымағы жарасқан отбасы ғана осындай қиындықты мойымай көтере білсе керек. Қалай болғанда да ендігі жерде Исаевтар отбасы үкілеген үміттерін Әлібек, Жеңіс, Кәмилә сынды немерелеріне артып, солардың қуанышын қызықтап, күнді күнге жалғап жүріп жатыр. Жұмыстан шаршап келген Әмзе Әлдибекұлы өзінің алтын қазығы – отбасынан көңіліне жұбаныш табады. Немерелерінің бал қылықтарын тамашалап, мәре-сәре болады.

Біраз жұмыстың басын қайырып, бүгінгіге жоспарлаған істерінің орындалғанына көңілі толған ол атбасын ауылына қарай бұрды. Күндегі әдеті бойынша Ащыбұлаққа кіре берістегі зұлмат 37 жылдары жазықсыз жандардың жаны қиылған Тереңқараның бойындағы қос құлыны опат болған жерге тоқтады. Осы жерге құлыптас орнатылған. Жерге тізерлей отырып, іштей дұғасын оқыды. О дүниелік болған балаларына бағыштаған құранын арнады. Неткен, қатал өмір. Қуанышың мен қайғыңды, жеңісің мен жеңілісіңді қатар бересің. Бірде күлдіресің, бірде күрсіндіресің. Жығыласың, сүрінесің, қайта орныңнан тұрасың. Ұтасың, ұтыласың, қиындықты жеңу үшін қайта алға ұмтыласың. Ол орнынан тұрды. Күн қызарып ұясына батып барады. Ұясына батып бара жатқан күнге мұңая қараған ардақты да салмақты азамат үйде өзін күтіп отырған өмірінің жалғасы бар екеніне құдайына тәубе айтып, тез арада бойын тіктеп алды. Әлі, алда талай асулар, алынбаған қамалдар тұр. Соның бәрін сабырлылықпен бағындыру қажет. Алдағы жеңістерге жету үшін тек алға ұмтылу керек. Қиындықтарды көріп жігері жасымаған, мерейі көтерілгенде асып-тасымаған атпал азаматқа әманда құдай қуат берсін дейміз.

Автор: Роза АЙДАРБЕКОВА

DSCN8622Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – ең алдымен азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілігін арттырады

          Мемлекетіміз жүзеге асырылуын мақсат етіп отырған стратегиялық бағдарламаларында жоспарланған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – бәсекеге қабілетті дамыған 30 елдің қатарына енуді көздеген еліміз үшін қажеттілікпен қатар жаһанданған заман талабы. Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Қазақстан халқына жолдауында еліміздің денсаулық сақтау саласына енгізілгелі отырған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің маңыздылығына арнайы тоқталған болатын: “Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі”. 2017 жылдың шілде айынан бастап денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу қолға алынады. Бұл жүйені халыққа танытып-түсіндіру, орындау тек қана медицина саласы қызметкерлерінің міндеті емес, барша азаматтардың міндеті. Міндетті медициналық сақтандыру кез келген тұрғынды медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Оның басты маңыздылығы да сонда. Медициналық сақтандыру ең алдымен адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, сақтандыру қорына жарна төлеу арқылы азаматтар қалаған аурухана мен емханадағы дәрігеріне барып, емделуге мүмкіндік алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ақшасы бар азаматтардың емдеу ақысы дәрігерлерге сол қордан төленеді. Ал медициналық қызмет үшін жасалатын төлемдер қордағы ақшадан алынатын болғандықтан, енді емдеу мекемелері арасында бәсекелестіктің басталатыны сөзсіз. Ол өз кезегінде бәсекелестікті, медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттырады. Медицина қызметкерлерінің емделушілерге барынша сапалы қызмет көрсету көрсеткіші жоғарылайды, өйткені емделушілер қай дәрігерге баратынын өздері шешеді.

Қазақстандағы медициналық сақтандырудың негізгі ерекшелігі — барлық әлемдегі тәжірибені зерттей келе көптеген тиімді жақтарын қарастырған. Біріншіден, әлеуметтік әлсіз топтар, балалар, студенттер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар медициналық қызметті тегін пайдаланады, екіншіден, төлемдерді жұмыс берушілер мен жұмыскерлер жүзеге асырады, мемлекет құқықтық реттеу мен қадағалауды жүзеге асырады, үшіншіден, әр жылда сатылап көшуді қарастырады. Шілде айынан бастап қорға жұмыскер, жұмыс беруші және мемлекет, яғни үш тараптан ақша аударылады. Жұмыскер 2019 жылы айлығының бір пайызын, 2020 жылы екі пайызын сақтандыру қорына аударуға міндетті. Ал жұмыс беруші келер жылдан бастап кірістің 2 пайызын, 2020 жылға дейін 5 пайызын жарна ретінде төлейді. Сонда қорға екі жақ бірігіп, 7 пайыз әлеуметтік жарна төлейді. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар толықтай 7 пайызды аударады. Олар: кәсіпкер, нотариус, заңгер, жеке сот орындаушылар, адвокат, кәсіби медиатор, азаматтық-құқықтық негізде жұмыс істейтін, яғни фрилансерлер 2017 жылдан бастап 2 пайыздан 2020 жылға қарай 7 пайызға дейінгі жарна төлеулері тиіс.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жарнасы бар кез келген азамат медициналық көмек алу қажеттілігі туындаған жағдайда алдымен өзіне ұнайтын емхананы таңдайды, тіркелер кезде жеке куәлігін көрсетеді. Мекеме қызметкерлері жеке сәйкестендіру нөміріне қарап, сақтандыру полисі бар болса, емханаға тіркейді. Тіркелген азамат дәрігерге қаралып, емделгісі келсе емхана немесе аурухана жағдайында толықтай ем алады. Оған шығынданудың қажеті жоқ. Есесіне, сіз тіркелген емхана немесе сізді емдеген аурухана айдың соңында шығын сомасын Медициналық сақтандыру әлеуметтік қорына жібереді.

Ұлт денсаулығын сақтау – мемлекет назарындағы басты мәселелердің бірі. Сондықтан да, медицина саласындағы реформалар халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған.  Болашақта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шаралары сәтті жүзеге асса, халықтың өз денсаулығына деген жауапкершілігі артып, аурулардың алдын алу мен күрделі ауруларды емдеу ісі одан әрі ілгерілей түспек.


Біздің дәрігерлеріміз Алматы облысы балаларына 5 жыл бойына адал қызмет етіп келеді

          Қазақстанда маусым айының үшінші жексенбісі ақ халатты абзал жандардың төл мерекесі ретінде аталып өтіледі. Биыл бұл күн 18 маусымға сәйкес келіп тұр. Сырқатына ем, жанына дәру іздегендер дәрігердің көмегіне жүгінері хақ. Бұл мереке – жаны қиналғанға жанашыр болып, дауа іздегеннің көңіліне демеу болған жандардың ерен еңбегі бағаланатын күн. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Болашақ дәрігерге» деген өлеңінде:

«…Жолың болсын, бара ғой, айналайын,

Айналайын, қорғаушым, қарғадайын!

Кәсібіңе мен сенің басымды ием,

       Басымды ием, несіне арланайын…» – деп жырлайтыны бар. Мамандықты қапысыз дұрыс таңдап, өз ісін шебер меңгергендер, айналадағы адамдарға мейіріммен қарап, қызметін адал атқарғандар ғана ел алғысына бөленбек.
Тәуелсіздіктің жылдары еліміз медицина саласында да  зор жетістіктерге жетті. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев 2007 жылғы 28 ақпандағы  “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Қазақстан халқына Жолдауында: “Бүгінгі таңда мемлекеттің қазақстандықтарды әлеуметтік қамсыздандыруды жақсарту үшін үлкен қаражат жұмсау мүмкіндігі пайда болды. Үш жылдың ішінде 100 мектеп пен 100 аурухана еліміздің нақ осындай нысандарға мұқтаж болып отырған өңірлерінде салуды тапсырамын”,- деп Қазақстанды жан-жақты жаңартудың жаңа кезеңіндегі басты басымдықтар ретінде ішкі және сыртқы саясатымыздың аса маңызды 30 бағытын айқындап, әлеуметтік-инфрақұрылымдық даму тетігін қалыптастыру жолдарын белгілеген болатын.  Елбасы тапсырмасы бойынша “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр кентіндегі Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы құрылысы салынып, 2012 жылдың қаңтар айында салтанатты ашылуы болды. Сол уақыттан бері аурухана өңір тұрғындарына қалтқысыз қызмет етіп келеді.

          “Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы” – Алматы өңірінің балаларына мамандандырылған және жоғарымамандандырылған медициналық көмек көрсететін, заманауи диагностикалық және емдеу құрылғыларымен жабдықталған, консультациялық-диагностикалық емханасы бар 200 төсек-орындық көпсалалы  балалар стационары. Біз негізінен облысымыздың оңтүстік өңірлеріне қызмет көрсетеміз (Іле, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Райымбек, Жамбыл, Балқаш, Қарасай, Талғар аудандары және Қапшағай қаласы), дегенмен шұғыл көмек керек болғанда барлық Алматы облысы аймағы мен ҚР басқа да облыстарының балаларын қабылдаймыз. Ауруханамыз құрылған аз ғана кезеңнің ішінде біз бірнеше қайтақұрулардан өттік: шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын мәртебесін алдық, қосымша жақ-бет хирургиясы, онкогематология бөлімшелері ашылды. 2015 жылғы маусымда Республикалық байқаудың “Үздік облыстық балалар медициналық ұйымы” аталымында жеңімпаз атандық.

          Дәрігерлік – жауапты мамандық. Мұнда адам тағдыры тұрғандықтан еш қателесуге болмайды. Бұл ретте дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Дәрігерлердің біліктілік жетілдіруі мен кәсіби кемелденуіне қазір барлық жағдай жасалған деп нық сеніммен айта аламын. Бала –  ата-аналар үшін ең қымбат қазына, бұл қазынаны біз өмір бойына сақтап өтуге дайынбыз. Сәбидің жүзіндегі күлкіден әдемі ешнәрсе жоқ. Дені сау бала – салауатты болашақ, ұлт болашағы. Біз оларға шын жүректен көмек қолын созуға әрқашан дайынбыз. Осы орайда ақ халатты абзал жандардың төл мерекесімен барша медицина қызметкерлерін шын жүректен құттықтағым келеді. Қиындығы мол, бірақ абыройлы, ізгілікті қызметтерінде табыс, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілеймін.

                                                                  Ролан Нұрбаев – Алматы аймақтық       балалар клиникалық ауруханасының директоры, Іле аудандық Мәслихатының депутаты

Егембердиева М.А.

ДЕНСАУЛЫҒЫҢДЫ САҚТАНДЫРУ – МІНДЕТІҢ

 Аудан көлемінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлт Жоспары – бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамының» 80-қадамына байланысты және Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің негізгі қағидаларын түсіндіру жұмыстары басталғалы жарты жылдай уақыт өтті. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен майталман мамандар әуелі дәрігерлер мен медбикелерді оқытып, кейін бұл жүйе жұмыс берушілерге де жіті түсіндіріліп келеді.

     Дәл осындай жиналыстың бірі Алматы облысы әкімінің орынбасары Ж.Омардың міндетті әлеуметтік сақтандыру шараларымен халықты түсіндіру жұмыстарын жаппай жүргізу тапсырмасы бойынша Өтеген батыр кентіндегі 24 лицейінде өтті. Оған Алматы облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары М.Омарова, аудандық аурухана басшысы М.Егембердиева, «Водник» ықшам ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері Д.Садықова, аудандық білім бөлімінің басшысы Л.Каткеева қатысты.
Игі бастаманың игілігін жалпақ жұрт енжарлықпен қабылдап жатқаны жанға батады. Сонымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі халыққа не береді деген сұраққа бірден, жаңа жылдан бастап жұмыс берушілер өз еңбеккерлерінің сақтандыру қорына қаржы аудара бастайды, әр жұмысшы адам өзін емдеу үшін еңбек етеді деуге саяды. Бұл жалақының екі пайызы. Мәселен, 100 мың теңге жалақы алсаңыз, оның 2 мың теңгесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылады. Өз-өзін еңбекпен қамтып отырған кәсіпкерлер де осы көлемде ақша аударуы тиіс. Сіз бен біз секілді жалдамалы жұмыскерлер тек 2 жарым жылдан соң ғана еңбекақының 1 пайызын қорға аударады. Жаңа жүйе әсіресе дәрігерлік қызмет құнын шарықтатып қоятын жекеменшік клиникалардың тәбетін тыймақ.
Айталық, елдегі барлық емдеу мекемелерінің жыл бойына жұмсайтын қаржысының 37 пайызы халықтың қалтасынан, яғни емделушілердің есебінен жабылады екен. Бұл дабыл қағатын жағдай. Жаңа жүйе дәл осы мәселені шешуге ықпал етепек. Емделушілер өздері пайдаланған қызметке ғана ақша төлеуі тиіс. Егер сіздің табысыңыз аз болса, қорға салатын салым мөлшерінің де шағын болатыны сөзсіз. Бірақ бұған қамығудың қажеті жоқ. Дәрігерлік көмек көрсетіледі. Ең бастысы, қыруар қаржыңызды жекеменшік клиникаларға бермейсіз, жарна төлеп отырсаңыз болды.
Қорға салатын қаражаты жоқ жандарға мемлекет ақша төлейді. Батыр ана, соғыс ардагерлері, мүгедектер, жұмыссыздар, бала күтіміндегі аналар, зейнеткерлер секілді 12 санаттағы азаматтар міндетті төлемнен босатылады. Тағы бір айта кететін жайт, қатерлі ісік, өкпе құрты секілді қауіпті дертке шалдыққандар тегін емделеді.
Бастапқы жарты жылда ақша жиналады да, содан кейін ғана жұмсалады. Оның үстіне эпидемия немесе төтенше жағдайға жеке қор бар. Ол сақтандыру қорындағы барлық активтердің 3 пайызын құрайды. Жиналыста баяндама жасаған аудандық мәслихат депутаты, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері М. Егембердиева «Міндетті сақтандыру арқылы дәрігерлік қызметтің сапасы артады әрі медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жақсарып, дәрігерлердің жалақысы көтеріледі. Жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтініне бас қатырып қажеті жоқ. Міндетті жарнаңызды уақытылы төлеп отырсаңыз болды. Қалғаны – емдеу мекемесі мен қордың шаруасы. Қаржы аударылған соң олар сапалы қызмет көрсетуге міндетті», – дейді.
Айта кету керек, көрсетілетін дәрігерлік көмектің сапасы төленетін жарнаға тәуелді емес. Медициналық көмек барлығына бірдей көрсетіледі. Бұл жүйенің игілігін көретін күн де алыс емес деп үміттенеміз.